Ауыл

Мұғалжар ауылына газ құбыры тартылып жатыр

380 түтіні бар Мұғалжар ауылына Ембі қаласынан газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Ауылға көгілдір отын әкеліп жатқан «Алия сервис» ЖШС-ның учаске басшысы Серік Қуандықов пен Ембі қаласы мен Мұғалжар ауылы аралығындағы жол бойында құбырларды дайындап жатқан Алексей Иванько аудан әкіміне есеп берді. Қазіргі таңда қазылған 3 шақырым жерге құбырлар салынып, беті жабылды. Техникалық қадағалаушы мамандар жүргізілген жұмыстарды тексерді.

«Ембі-Мұғалжар» жеткізуші газ құбыры жолының 40 шақырымының 10 шақырымы қазылып, 2,5 шақырым жерге салынатын құбыр желілері дәнекерленіп жатыр. Дефектоскопист маман тексергеннен кейін құбырлар қазылған шұңқырға салынады. 7,5 шақырым жерге қажетті құбырлар әкелініп, Ембі қаласы жағында орналасқан автоматтандырылған газ тарату станциясына тартылу жұмыстары жүргізілетін болады. Газ тарту жұмыстарына манипулятор, кран, тиегіш, экскаватор және құбырларды дәнекерлейтін техникалар жұмылдырылған.

Айтпақшы, шілде айында аудан әкімі Асқар Шериязданов арнайы Нұр-Сұлтан қаласына іссапармен барып, Мұғалжар ауылын газдандыруға республикалық бюджеттен қаражат аударту мақсатында Қаржы вице-министрімен кездесіп, осы мәселені талқылаған болатын. Осы мәселе бойынша тиісті қаражатты бөлу үшін Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиевтің атынан Қаржы вице-министріне депутаттық сауал жолданып, бақылауға алынды.

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button